Маңғыстау облыстық сотында «Еңбек дауларын сотқа дейін реттеу» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлажар Бақытжанова, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, кәсіподақ ұйымының өкілдері, заңды тұлғалар, медиатор, адвокаттар, заңгерлер қатысты.
Г.Бақытжанова еңбек заңнамасында ұжымдық еңбек дауын шешудің толық рәсімі көзделгенімен жұмысшылар бітімгершілік рәсімдердің барлық сатыларынан өтпей, көбінесе сотқа жүгінетінін, ереуілдерге қатысты дауларды сот заңсыз деп тануы мүмкін екендігін, еңбек заңнамасында заңсыз ереуілге қатысқаны үшін еңбек шартын бұзу үшін негіз қарастырылғанына назар аударды.
Одан әрі Ақтау қаласының №2 сотының судьясы Г.Саханова жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудегі сот тәжірибесін, оның ішінде татуластыру ерекшеліктері туралы және қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы заңды қолдану, олардың арасында реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттарының орындалуы туралы алауыздықтар – еңбек даулары деп танылатын, еңбек дауларын туғызатын жағдайлар әртүрлі болатынын, бұл дауларды шешуге бағытталған түрлі әдістер белгілі екенін, олар татуластыру, келісімге келу, төрешілерге (арбитр) жүгіну және т.б. түсіндірді.
Ал, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілі М.Сансызбаев 2022 жылы облыс бойынша 117 еңбек дауы тіркелгендігін, оның ішінде, жұмысы үш сағаттан астам уақытқа тоқтатылған 49 кәсіпорын тіркелдігін және әлеуметтік-еңбек саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар жедел және жүйелі шаралар іске асыру арқылы 105 кәсіпорында еңбек даулары шешіліп, еңбек ұжымдарындағы ахуал тұрақтандырылғанын, туындаған еңбек дауларын шұғыл түрде шешу мақсатында ағымдағы жылы 39 өңірлік үшжақты комиссия отырысы өткізіліп, тиісті шешімдер қабылданғанын жеткізді.
Дөңгелек үстелдің соңында қатысушылар аталған тақырыпта ой-пікірлермен бөлісіп, спикерлер қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.