Жанділдә ЖАҚЫПОВ, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» ЗБТ төрағасы: «МЕДИАТОРЛАР ЖЕТІМ БАЛА СИЯҚТЫ»
– Медиация термині таңсық болғанымен, оның мазмұны халқымызға ежелден жақсы таныс. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтап, кез келген дауды бітімгерлікпен шешкен. Айтыңызшы, жаңа заңды халық сол кезде қалай қабылдаған еді?
– Иә, «Медиация туралы» заңның қолданысқа енгеніне 5 тамызда 10 жыл болады. Медиацияның мән-маңызынан қара қылды қақ жарған қазы, билерді көре аламыз. Бірақ аздаған айырмашылық та бар. Олар
дау-дамайды өздері шешкен, ал медиаторлар өз алдына шешім шығармайды. Әрине, кез келген жаңалықты халықтың тосырқай қабылдайтыны рас. Медиация институтымен бірге дауды реттеудің жаңа жолы енгізілді. Медиаторлардың көмегімен дауласушылар өз мәселесін, дау-дамайын өздері реттей алады. Рәсім толығымен құпия өтеді. Негізі бұл жаңа институт болғандықтан, қоғамға судай сіңіп кету үшін әлі біраз
уақыт керектігін 10 жылдық тарихтың өзі көрсетіп отыр.
– Татулық пен тұрақтылықты нығайтуды көздейтін медиация институты даму үстінде. Аталған заңға он жылда талай өзгерту мен толықтыру енгізілді. Ал оның нәтижесі қандай?
– Статистикаға шолу жасасақ, заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң, яғни, 2012 жылы 100-ден аса іс бойынша дауласушылар өз шешімін медиатордың көмегімен реттей алған. Ал 2019–2020 жылдың өзінде карантинге қарамастан Халықаралық құқық қорғау орталығының медиаторлары жалпы құны 18 млрд теңгені құрайтын 2500-ден аса медиация рәсімін жүргізді. 2019 жылы 4 мыңнан аса дауды біздің кәсіби медиаторлар аз уақыттың ішінде реттеп, көмектерін тигізді. 2021 жылдың басында «Медиация туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жанынан жұмыс тобы құрылған болатын. ТМД елдері мен шет мемлекеттерде қолданыстағы медиацияға байланысты заңнама талаптары мен олардағы және қазақстандық тәжірибеде кездесетін қарама-қайшылықтарды басшылыққа ала отырып «Медиация туралы» заң мен басқа да заңнамаларға
30-дан астам толықтырулар мен өзгерістерді ұсынып отырмыз. Қазіргі таңда жұмыс тобы осы ұсыныстарды Мәжіліс депутаттарымен бірге талқылауда. Медиация рәсімі – бұл бөлек дүние. Негізі кәсіби медиатор ешқашан «мен татуластырушымын» деп айтпайды. Өйткені дауласып жүрген, жалпақ тілмен айтқанда, бір-бірімен ұрсысып-керісіп жүрген жандарды «татуластырушы» деген түсінік шошытып жіберуі мүмкін. Сонымен қатар көптеген елдің заңнамасында «мәліметтік кездесу» деген ұғым бар. Мен дәріс алған Испания елінің заңында
сот дауласушы тараптардың арыз-шағымын қабылдамас бұрын, медиатормен кездесуге 45 минут уақыт бөледі. Кездесу барысында медиатор тараптарға медиациялық рәсімнің ерекшелігін, медиатор тұлғасының рөлін, оған қоса басқа сот, тергеу, т.б рәсімдерден айырмашылығы туралы толық түсінік береді. Медиатор мәліметтік кездесуде дауды әрі қарай
қазбаламайды. Егер сол 45 минуттық кездесуде тараптар медиация рәсімінде қалмаған немесе қалғысы келмеген жағдайда, медиатор мәлімет, яғни біздің тілмен айтқанда, анықтама жазып береді. Анықтамада дауласушы тараптардың 45 минуттық кездесуде жеке-жеке немесе бірге болғанын көрсетеді. Тараптар сотқа жүгінуді жөн көрсе, себебін де көрсетпестен, әрі қарай сотқа барғанды қалады деп өзінің мөрін басып, қолын қояды. Испанияда осындай анықтаманы талап-арызға қосып қана сотқа жүгіне алады. «Медиация туралы» заң қабылданғалы бері осы форматты көп жерде айтып жүремін. Сондай-ақ, қоғамда сотқа дейінгі медиация, сотқа дейінгі міндетті медиация деген түсінік бар. Құқық қорғаушы ретінде
айтарым – медиация рәсіміне ешкімді де мәжбүрлеуге болмайды, өйткені медиация – ерікті рәсім. Заңда бұрын-соңды көзделмеген нормалар да қарастырылған. Мысалы, 3-бапта «екі тарап» деген сөз жазылған. Осы күнге дейін 1200-ден астам медиация рәсімін жүргізген медиатор ретінде көзімнің жеткені – дауласушылар кей жағдайда екеу емес, үшеу, төртеу, жетеу болып жатады. Бұған дейін ұсыныс жасаған едік, бүгінде заң шығарушы органның назарына жетіп, өзгертуді қолға алып жатыр. Тағы бір өзгерту медиатор тұлғасының этикалық нормасына қатысты. Нотариат, адвокаттар, сот орындаушылары, заң кеңесшілері сияқты медиаторлық ұйымдарды да бір палата етіп құруды ұсынып отырмыз. Себебі, бүгінде Қазақстан бойынша 70-тен аса медиаторлық ұйым бар. Нақты санын ешкім білмейді. Кейбір ұйымдар 10-15 адамнан құрылған, кейбірінің құрамы көбірек, біздің орталық сияқты 1-2 ұйымның мыңнан аса ресми медиаторы бар. Кейбір ұйымдарда медиаторлардың реестрі де қарастырылмаған. Ал заң бойынша, медиаторлық ұйымда міндетті түрде реестр болуы тиіс. Әр ұйымның медиатор болуға дайындаудан бастап, қызмет көрсетуге дейінгі форматы әртүрлі. Қырғызстанда «Медиация туралы» заң 2017 жылы қабылданды. Келесі жылыақ, Қырғыз медиаторларының бірыңғай этикалық кодексі және Медиацияны дамыту концепциясы қабылданды. Ал бізде заңның қолданысқа енгеніне 10 жыл, алайда мұның бірі де жоқ. Басқа да көптеген мәселелер ұсынылды. Солардың бірі – Беларусь елінде медиатор болу үшін медиациялық сертификатты арнайы оқудан өткен кезде нотариус, қорғаушылар сияқты Әділет министрлігі табыс етеді. Көршілес Ресейде медиатор дайындау курсын Білім министрлігінен арнайы лицензия алған ұйымдар жүргізеді. Ұсыныстардың ішінде медиатордың кәсіби біліктілігін арттыруды да өзекті мәселе етіп көтеріп отырмыз. Мысалы, Қырғызстанда медиаторлар екі жыл сайын семинар-тренингтен өтіп тұрады. Ресейде, Беларусь Республикасында да сондай талап қойылады. Ал біздің Қазақстанның заңында ондай дайындық қарастырылмаған. Яғни, он жыл бұрын сертификат алып, одан кейін ешқандай дайындықтан өтпестен жүре беруге болады. Алайда нотариус, адвокат, заң кеңесшілеріне арналған заңнамада бір, екі жыл сайын кәсіби деңгейді арттырып отыру қажеттігі нақты көрсетілген. Медиаторларда ондай жоқ. Білікті мамандардың арқасында ғана медиация институтының абырой-беделі асқақтай түспек. Осы жағдайларды реттеу үшін жұмыс тобы жоғарыда аталған өзгерістерді ұсынып отыр.
– Қазақстанда медиация институтын дамыту, сот жүйесінің рөлін арттыру мақсатында енгізілген пилоттық жобалардың артықшылығы мен кемшілігі қандай?
– Артықшылығына келсек, Жоғарғы Соттың қолдауының арқасында медиация институты өте жақсы дамуда. Жоба барысында түсірілген сюжеттер, жасалған жарнамалық мәліметтер арқылы халық бұл рәсім туралы ақпарат алып, құқықтық сауатын арттырды. Кемшілігіне келсек, осы жобалардың атауына байланысты қоғам медиацияны татуластыру рәсімімен шатастырып, толық мәлімет ала алмай жатыр. Шығыс Қазақстан облысында өткен екі күндік үлкен конференцияда үш спикер – Лилия Власова (Беларусь), Гүлсина Қожамжарова (Қырғызстан) және мен үлкен мінберден медиация рәсімін татуластыру рәсімімен шатастырмауды өтінген едік. Медиация – тек қана татуластыру рәсімі емес. Татуластыру – оның
жүз шақты бағыттарының бірі ғана. Бұл – тәуелсіз жеке тұлғалар таңдаған медиатордың көмегімен дауды өз еріктерімен реттеу тәсілі. Сосын «Сотқа дейін татуластыру» рәсімін судья жүзеге асырады. Егер іс сотқа түсіп, татуластыру сотта жүзеге асырылса, оны қалай сотқа дейін деп атауға болады? Медиация – таза татуластыру рәсімі емес. Осындай терминдермен көбіне медиация рәсіміне жүгінетін немесе жүгінсем деп жүрген тұлға қателесіп кетіп жатады.
– Азаматтардың кез келген дауды соттан тыс шешу барысында ымыраға келуге дайын болуы медиаторлар қызметіне де байланысты болмақ. Ол үшін медиатор қандай болуы керек?
– Медиатор – тәуелсіз, бейтарап жеке тұлға. Тараптар медиаторлық ұйымның немесе жергілікті атқару органының реестрінен кәсіби медиаторды таңдап алады. Заң бойынша, 40 жастан асқан адам кәсіби емес немесе қоғамдық медиатор бола алады. Ал Қазақстан Үкіметінің 2011 жылғы 3 шілдедегі №770 қаулысына сәйкес, кәсіби медиатор – арнайы дайындықтан өткен, емтихан тапсырып, сертификатқа ие болған кез келген жоғары білімді тұлға. «Медиация туралы» заңның 20-бабының 1-бөліміне сәйкес, медиация рәсімі
дауға қатысушы тараптардың арасында келісімшартқа қол қойғаннан кейін басталады. Келісімшартта медиацияның қағидаттары, тараптардың келіскен тілі, өткізілетін орны, бірінші кездесудің уақыты, құпиялық шарты, медиатор жауапкершілігі қарастырылады. Медиатордың құпиялылықты сақтауы шарт. Келісімшартқа қол қойған сәттен медиация рәсімі басталады. Медиатор – келіссөз жүргізуші. Негізі, медиация рәсімі – басынан аяғына дейін медиатордың жүргізетін келіссөзі. Мысалы, тараптар дауласып жүрген кезде бір-бірін
естімеуі де, көрмеуі де мүмкін. Себебі олар бір-біріне айтарын айтып болды. Ал медиатор – үшінші бейтарап тұлға. Онымен дауласушылардың арасында дау жоқ. Бір тараптан немесе оның өкілінен арыз алып, екіншісін медиацияға шақыра бастайды. Екі тараппен де бөлек-бөлек кездеседі. Медиатор сөйлескен кезде араларында ешқандай дау-дамай болмағандықтан, тараптар оны тыңдайды, естиді, көреді. Дауға қатысушы тараптарға медиацияның артықшылығын жеткізу, медиатор рөлін түсіндіру, ерекшелігін, тиімділігін ашып айтып, толық сендіру – медиатордың жұмысы. Медиация рәсімі тараптар ортақ келісімге қол қойған мезетте аяқталады. Ол келісімде тараптардың әрқайсысының алған міндеттемесі, уағдаластығы, міндеттемені нақты, дәл қай уақытта, қандай форматта орындады, соның бәрі толығымен жазылады. Сонымен медиация рәсімі аяқталады. Шетелде медиаторларды «үндемес сарапшы» деп атайды. Себебі – ортақ, тәуелсіз, бейтарап тұлға болғандықтан, оның кеңес беруге құқы жоқ. Медиатор – «үндемей» отырып, дауласушыларды даудан шығатын жолға алып келетін маман. Көбінесе қоғамда медиаторларды заңгер, қорғаушылармен шатастырып жатады. Бірақ медиатор – заңгер, психолог, қаржыгер емес. Ол – өз алдына тәуелсіз бейтарап тұлға. Медиатордың кәсіби деңгейінің арқасында тараптар көмек беріп жүрген медиаторлардың реестрде тұрғаны 500-ге жуық. Осы орайда медиация институтын дамыту мен халыққа құқықтық көмек көрсетуге бағытталған 12 республикалық және аймақтық жоба жүзеге асырылды. Мамандар біліктілігін арттыру мақсатында медиация және дауларды реттеу бойынша дөңгелек үстел, семинарлар мен көптеген жобалар жүргізілуде. Орталық кәсіби және кәсіби емес медиаторларды дайындаумен қатар, медиаторларға арналған оқу-әдістемелік материалдарын даярлау, БАҚ-та түсіндірме мен медиация институтын насихаттау, сонымен қатар заңнамаларды тәжірибеге сәйкестендірумен қатар медиаторлардың кәсіби деңгейлерін арттыру бағытында қазақстандық және халықаралық тәжірибе қалыптастыру бағытында орасан зор жұмыс жүргізуде. Орталық аталған бағытта АҚШ-тың Федералдық медиация институты, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Германия, Болгария, Ұлыбритания, АҚШ және Испания
елдеріндегі медиаторлар ұйымдарымен ынтымақтастық шарттарына отырып, бірқатар жұмыстар атқаруда.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында: «Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек», – деген болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысының жолдауынан соң тынысымыз кеңіп, сарайымыз ашылып қалды. АҚШ-ты қарастыратын болсақ, 1949 жылы федералдық медиациялық кеңестің басшысын елдің Президенті тағайындайды. Федералдық кеңес басшысы тікелей Президентке бағынады. АҚШ-та медиация институтын дамыту өте жоғары деңгейге қойылған. Ірі компаниялар, корпорациялар өздерінің ішінде медиация кеңесін құрып қойған. Онда медиаторлар енді басталған дауды ұлғайтпай, ушықтырмай, тараптардың арасындағы дауды өздері реттеуге көмектерін тигізеді. Президент жолдауының алдында, 2020 жылдың ақпан айында Сенат жанындағы жұмыс тобының мүшесі ретінде осы мәселені көтерген едім. Себебі еліміздегі 70-тен аса медиаторлық ұйым әртүрлі бағытта кетіп бара жатыр. 2018 жылы Қоғамдық даму министрлігіне берілді. Алайда, одан бері біраз уақыт өтсе де, әлі күнге дейін мемлекет тарапынан бір ұжым не палата құрылған жоқ. Сондықтан бұл сала бейберекет дамып жатыр. Кім қалай оқығысы келсе, солай оқытады. Кім қалай жүргізгісі келсе, солай жүргізеді. Кейбір ұйымдар тіпті реестрде де тіркелмеген. Жетім бала сияқтымыз. Ешкімге бағынбаймыз, ешкім бізді қол астына алғысы келмейді, ешкім көмек бермейді. Медиаторлар
дайындаудың бірыңғай бағдарламасын мемлекет бекіткен, бірақ әр ұжым өзінше өткізеді. Салада мәселелер қордаланып қалғандығын Президент айтқан кезде біз қатты қуандық. Себебі мемлекет тарапынан медиация институтын реттейтін уақыт әлдеқашан келді. Негізі мұны әу бастан, 2013 жылдан бастап қарастыру керек еді. Қазір енді қиынға соғуда. Өйткені әр ұйым өзіне-өзі қожа. Менің ойымша, медиация саласы Қоғамдық даму министрлігінен Әділет министрлігіне берілуі қажет. Бұл жерде кейбір кезде сыбайлас жемқорлықтың орын алуы на мүмкіндік туғызатын жағдайлар да көрініс беріп қалады. Медиаторлық ұйымдар көп болғандықтан, кейбіреулері сот ғимаратында отыр, ал кейбіреулеріне рұқсат жоқ. Отыруға рұқсат алған ұйымдардың басшылығы меморандум жасасқандарын алға тартады. Алматыда 7-8 ұйым бар. Жақында ғана соның бірі ІІД-мен меморандумға қол қойған. Бұл жерде қалған жеті ұйымның құқығы бұзылып жатыр. Бұлай етуге болмайды. Неге мемлекеттік орган бір ғана ұйымды таңдайды? Неге барлық ұйымдармен меморандум жасамасқа? Сосын тараптардың медиаторларды таңдау құқығы заңда қарастырылған. Бір ғана ұйымның 1-2 медиаторы отырса, тараптар таңдау құқығынан айырылады. Себебі қалғандарының реестрі ол жерде жоқ. «Медиация туралы» заң бойынша, мемлекеттік орган бүкіл кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың реестрін жүргізіп, бір қалыпқа келтіреді. Яғни медиатор керек тұлға 4 мың кәсіби, 3 мыңға жуық кәсіби емес медиатор енгізілген осы тізімнен өзі таңдап алуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органға осы бағыттағы әлеуметтік жобалар, қолдау, бірыңғай даму концепциясын қолға алу жүктелген.
– Қазақстанда медиацияның дамуын қалай бағалайсыз?
– Жоғарыда аталған кемшіліктерге қарамастан, Қазақстандағы медиация дамуы көптеген елдерге үлгі. Егер 2012 жылы 0,001 пайыз іс бойынша медиация рәсімі қолданылса, бүгінгі күні статистика Қазақстанның кейбір өңірлері бойынша сотқа келіп түскен істердің 3-8 пайызына дейін барып жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Еліміздегі медиацияның дамуына Украина, Беларусь, Ресей, Қырғызстан елдерінде қызығушылықпен қарайды. Халықаралық дәрежеде дәріс беруші болғандықтан, Қырғызстанда медиатор дайындау және біліктілікті арттыру бойынша бірнеше тренинг өткіздім. Сол дәрістерімде Қазақстанның 2012 жылдың статистикасы мен 2018–2019 жылдардағы бірнеше мыңдаған іс бойынша жүргізілген медиация рәсіміне көршілер риза болып қарайды. Себебі біздің елдегі медиацияның дамуы жоғары деңгейде келе жатыр. Сол деңгейге жеткізген, біріншіден – Жоғарғы Сот, екіншіден – қарапайым медиаторлардың арқасы десем, қателеспеймін. Жалпы, даулардың 99 пайызын реттеп алуға медиаторлар көмегімен қол жеткізіліп отырғанын атап айтқан абзал. Одан
бөлек, Қазақстандағы медиация біздің депутаттардың арқасында азаматтық, отбасылық, еңбек, қылмыстық қарым-қатынастарға кіргізілген. Медиация рәсімі тек қана үш жағдайда ғана жүргізілмейді: тараптар сотқа әрекеттілігі шектеулі немесе қабілетсіз деп танылғанда, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар бойынша, тараптардың бірі мемлекеттік орган болғанда.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»