ҚАЗЫЛАР ҚАРАСАЙДА БАС ҚОСТЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ СОТЫНДА «СОТТАРДАҒЫ БІТІМГЕРШІЛІК РӘСІМДЕРІН ҰЙЫМДАСТЫРУ» АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ. АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ НҰРГҮЛ ЖЕКЕНҚЫЗЫНЫҢ ЖЕТЕК- ШІЛІГІМЕН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН СЕМИНАРҒА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ҚАРАСТЫ БАРЛЫҚ АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ АУДАНАРАЛЫҚ СОТТАРДЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫ МЕН СУДЬЯЛАРЫ ҚАТЫСТЫ. ТРЕНИНГТІ КӘСІБИ МЕДИАТОР ЖАНДІЛДА ЖАҚЫПОВ ЖҮРГІЗДІ.
Өз кезегінде судьялар қауымы медиатор деген кім, медиациялық рәсім дегеніміз не, аталған инисти- тутты енгізудегі түпкі мақсатымыз не, т.б маңызды сұрақтарға тәп-тәуір бас қатырды. Өйткені, бұл сауалдар бір қарағанда қарапайым болғанымен, тәжірибе барысында нақты жауабы табылмай жатады. Мысалы, медиаторды татуластырушы тұлға ретінде көрсетуге тырысамыз. Ал, Жақыпов мырза медиаторларды татуластырушы деу әрдайым дұрыс еместігін жеткізді. Яғни, кәсіби маманның айтуынша, іс жүзінде медиаторлардың татуластыру қызметін атқаруы тараптарға ұнай бермейтін көрінеді.

«Сот дауласушы тараптарға өз құқықтарын түсіндіріп, сонымен қатар арадағы дау-жанжал- ды медиациялық жолмен шешуге болатынын айтады. Осылайша, олар медиаторға жіберілуі мүмкін. Өз кезегінде медиатор өзін «татуластырушымын» деп таныстырса, әдетте тараптар теріс айналып кетеді. Себебі, олар сотқа татуласу үшін емес, арадағы дау бойынша өз құқықтарын қорғау үшін келді. Сондықтан, медиаторларды татуластырушы деуге асықпаңыздар» – деп түсіндірген Ж.Жақыпов медиаторлардың процессуалдық шешім шығармайтынын, керісінше, шешімді дауласушы тарап- тардың өздері қабылдайтынын еске салып өтті.

Басқаша айтқанда, судья дауға қатысты шешім шығарып, ол шешім тараптардың бірінің көңілінен шықпауы мүмкін. Ал, медиациялық рәсім барысында тараптар өз қызығушылықтарын ескере отырып, өздері ортақ келісімге келгендіктен медиаторға қатысты өкпе-реніш те болмайды. Бұдан әрі судьяларға арналған тренинг тіптен қыза түсті. Қызмет барысында түрлі дау-дамайға нүкте қойып, заңды әрі әділ шешім шығарып машықтанған судьялардың кәсіби медиатордың логикалық сауалдарына қайтарған жауаптары әртүрлі. Тіпті, өз жауабының нақтылығын дәлелдеп өзара қызыл кеңірдек болған қазылар соңына дейін ортақ келісімге келе алмады. Осылайша, топтық жұмыстың қорытындысын шығарған тренинг жүргізушісі «…сіздер кәсіби медиаторға ұқсамайсыздар» деп өз жауабын әзілмен астарлап жеткізді. «Қоғамда орын алған дау-жан- жалдар да дәл осындай. Дауласқан тараптар да сіздер секілді өз уәждерінің дұрыстығын растап, бір-бірін тыңдағысы келмейді. Дауға қатысушылардың психологиялық жағдайы да осыған ұқсас. Енді осындай жағдайларда сіздің медиатор ретінде қадамыңыз қандай болуы шарт?» – деп ортаға ой тастаған медиатор, мұнысымен судья-медиатор болудың қаншалықты қиын екенін ұғындыруға тырысты.

Сондай-ақ, ол шараға қатысқан қазыларға елімізде дау-жанжалдарды шешудің баламалы жолдарын қарастырудағы басты мақсаты қоғамдағы дау-жанжалды азайту, адам құқығын қорғау, қалпына келтіру, осылайша алдыңғы қатардағы отыздыққа ену екенін атап өтті. Семинар барысында сұхбат берген Нұргүл Жекенова «Үстіміздегі жылдан бастап Жоғарғы Сот бастамасымен қолға алынған жеті жобаның бірі «Татуластыру орталығы» жобасы. Төраға Жақып Асановтың бастамасымен еліміздің барлық облысында «Татуластыру орталықтарын» ашу көзделуде. Бұл орталық соттан бөлек жұмыс істейтін болады. Бұл ел арасындағы дау-жанжалдарды сотқа бармай-ақ, орталықтар арқылы шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүгінгі кездесуімізге тұздық болып отырған соттағы медиация тақырыбы да аса маңызды. Ал, аталған семинар-тренингті Қарасай аудандық сотында өткізудің өз себебі бар. Бұл сот бүгінде Алматы облысы бойынша медиациялық рәсімді қолданудан көш бастап тұр. Демек, бұл өңір «Татуластыру орталығы» үшін қолайлы…» деп түсіндіріп өтті. Семинар соңында қатысушыларға арнайы куәліктер табысталып, судьялар өз білімін жетілдіруге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Камила ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

10:06 | 11/05/2018 

Последнее изменение Среда, 08 августа 2018 12:30