Маңғыстау облысы Кәсіпқой медиаторлар қауымдастығының, Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалының, үкіметтік емес ұйымдардың, заңгерлер, прокурорлар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
«Сот төрелігін қалпына келтіруде медиация рәсімдерін қолдану» атты тақырыпта облыстық соттың Оқу орталығы мен«Халықаралық құқық қорғау медиация орталығы» бірлесе ұйымдастырған дөңгелек үстелде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев сот төрелігін қалпына келтіру қоғамның қылмысқа жауап берудегі жаңа көзқарасы болып табылатынын атап айтты. Қылмыстық жазалау қажеттілігін негіздеу кезінде туындайтын мәселелерді шешу әрекеті ретінде пайда болғанмедиация рәсімі қазіргі уақытта жәбірленуші және құқық бұзушыны татуластыру үшін жағдай жасауы, сондай-ақ қылмыс салдарын жоюы тиіс. Жасалған қылмыс салдарынан туындаған мәселені бірлесіп шешу және оның алдағы уақытқа ықпалын анықтау үшін тараптарды кездестіру арқылы бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.
Дөңгелек үстел барысында «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанділда Жақыпов, обыстық соттың судьясы Гүлжахан Иманғалиева, Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев және Маңғыстау облысы прокуратурасының бөлім басшысы О Қарымсақов баяндама жасап, қалпына келтіру процедурасын құқық бұзушыларды әлеуметтік реинтеграциялауда кеңінен қолдану практикасының маңыздылығы, жәбірленушінің құқықтарын қалпына келтіру, қылмыстың қайталануы мен қылмыстық жазалауды тергеу санын азайту мәселелерін талқылады.
Бұдан басқа, судьялар мен дөңгелек үстелге қатысушыларға сот төрелігін қалпына келтіру мен әдеттегі қылмыстық іс жүргізу арасындағы айырмашылықты жете түсіндіру мақсатында арнайы әзірленген кесте ұсынылды.