Медиация бойынша дөңгелек үстел

А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада медиация тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Алматы қаласы колледждерінің оқытушылары мен студенттері, кәсіпкерлер, заңгерлер, медиаторлар мен судьялар қатысты. Іс-шараның спикері ретінде Медиация орталығының үйлестірушісі, тренер-медиатор Аида Заманбекова сөз сөйледі. Сондай-ақ «Парасат», «Аманат» медиация орталықтарының медиаторлары, Түрксіб аудандық сотының судьясы, кәсіпкер, меценат Арман Байқадам және тәжірибелі заңгерлер спикер болды. Медиаторлар конференция қатысушыларының медиативтік тәжірибеге, медиацияның мүмкіндіктері мен артықшылықтарына қатысты сұрақтарына жауап берді. Түрксіб аудандық сотының судьясы сот жұмысының статистикасымен және бітімгершілік рәсімдердің санымен бөлісіп, татуластырушы судьяның қатысуымен өтетін сот медиациясы процесін түсіндірді. Кәсіпкер А.Байқадам медиацияға қатысу тәжірибесі туралы айтып, бизнес-даулар туындаған кездегі медиация мен медиативтік келісімнің тиімді шарттарын атап өтті. Іс-шара Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Social Project Management» ҚҚ жүзеге асыратын жоба аясында өткізілді. Жоба Алматы қаласында медиация институтын танымал етуге бағытталған.

Last modified on Бейсенбі, 12 Қараша 2026 14:22