Жұмыс кездесуі Италиядағы ADR медиация орталығында

2025 жылдың шілде айында МПЦ басшылығының Италиядағы ADR медиация орталығының жетекшісі Леонардо Дюрсомен жұмыс кездесуі Рим қаласында өтті. Орталықтың құрылғанына 27 жыл болды, ол 1998 жылдан бері 3 бағытта жұмыс істейді:

  • Италияда және шетелде 16 тілде медиаторлық қызмет көрсету. Жыл сайын медиаторлар 7 000 медиация өткізеді, жалпы алғанда 100 мыңнан астам іс қаралған. Орталықтың әлем бойынша 65 кеңсесі бар. Италияның өзінде 150 медиатор жұмыс істейді.

  • Медиация саласындағы сараптамалық жұмыс: кітап жазу, медиаторлардың жұмыс механизмдерін әзірлеуге көмек көрсету, Үкіметпен интеграция және т.б.

  • Медиация мен келіссөздер бойынша мамандандырылған тренингтер өткізу, медиаторларды сертификаттау.

Леонардо Дюрсоның айтуынша, соңғы 2 жылда медиация істерінің саны артып келеді. Орталықтың дауларды реттеуге арналған жеке онлайн-платформасы бар, онда қаралған барлық істер сақталады. Медиатордың тегін кеңесі 15–20 минутқа созылады, ал 2 сағаттық жұмысы 250 еуро тұрады. Ең қиыны – тараптармен алғашқы кездесуді тағайындау. Италияда азаматтық істер бойынша медиация сотқа талап-арыз берер алдында міндетті түрде жүргізіледі.

Өз кезегінде МПЦ басшысы Жакупов Ж. МПЦ туралы, оның құрылу тарихы, Медиация орталығының ашылуы және атқарылған жұмыс туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ Қазақстандағы медиация институты мен жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде бөлісті.

Кездесу қатысушылары алдағы ынтымақтастық және Меморандум әзірлеу жөнінде келісімге келді.