Маңғыстауда судьялар медиация бойынша курсқа қатысты

Маңғыстау облыстық соты мен Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында өңірлік кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен медиация бойынша 5 күндік курс өтіп,   болашақ кәсіби медиаторлар оқытылды.

Бүгінде Маңғыстау облыстық соты облыстық кәсіподақтар орталығымен, банк, нотариалдық палатамен, облыстық адвокаттар кеңсесімен және басқа да бірнеше тұлғалармен меморандумға отырып,  қоғамдағы дауларды сотқа дейін шешу жолдарын қарастыруды жолға қойғаны белгілі.

Медиаторларға арналған курс сабақтарын Қазақстан мен Ресейде жоғары білім алған, Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті, білікті тренер-медиатор Жанділда Жақыпов жүргізді. Аталған курсқа Маңғыстау облыстық сотының судьялары Гүлжахан Имангалиева мен  Бекзат Шоқанова қатысты.

Ж.Жақыпов бітімгершілік рәсімдердің басты мақсаты – тараптарды бір бітімге шақыру екендігін айтып, болашақ медиаторлардың жұмысына сәттілік тіледі.

Арнайы медиаторлар курсынында біліктілігін шыңдағандарға сертификаттар тапсырылды.

Бс, 28/06/2018 - 14:44

Қайнар: http://mng.sud.kz/kaz/news/mangystauda-sudyalar-mediaciya-boyynsha-kurska-katysty