Медиацияны қолданудың тетіктерін жетілдірген жөн

Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотында медиация тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Жалпы медиция институтының қоғамымызға енді сіңіп, өз маңыздылығын, қажеттілігіндәлелдегеніне куәміз. Медиация арқылы қаралатын істердің өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсуі осының айғағы. 

Тараптарды татуластырудың тиімді екенін сөз кеткен жиынғасот төрағасы Ж.Бекжанов, судьяларО.Күреңбеков, А.Бакин, Халықаралық құқық қорғау орталығының басшысы Жанділда Жақыпов, кәсіби медиаторлар Д.Жұмаш, М.Абжапаров, А.Увалиева, С.Успановалар жәнереспубликалық Медиацияны дамыту орталығының басшысы Қ.Созақбайұлы қатысты. 


Жанат Бекжанов, Бостандық аудандық №2 сотының төрағасы:

- Жыл өткен сайын медиация өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Биылғы жеті ай ішінде бізге 304 іс келіп түскен. Соның 11-іне ғана үкім шыққан. Ал қалғаны үкім шығам дегенше өзара келісімге келіп немесе арыз жазып, соңынан сотқа келмегендіктен үкімді қажет етпеді. Ал заң бойынша тараптар екі қайтара сотқа келмесе іс қысқартылады. Жалпы аудан бойынша өткен жылы 35 іс медиация арқылы шешілсе, биыл 7 ай ішінде 103 іске медиция арқылы нүкте қойылған. Демек,келісімге келу арқылы қаралатын істер саны жыл аяғына дейін әлі өсуі әбден мүмкін. Осы орайда айта кетер жайт, бізде қазір медиаторлар кабинеті ашылған. Медиация арқылы қаралатын істердің артуына осы медиаторлар кабинетінің де ашылуы себеп болғанын айта кету керек.Екіншіден, халық та медиатордың қызметін, пайдасын түсіне бастаған. Яғни, тараптар дауласу кезінде медиатордың қызметіне жүгінгісі келіп тұрады. Олар да жүйенің елімізде жұмыс істеп кетуі үшін барын салуда. Алдағы уақытта да медиация тиімді жұмыс істейді деп сенеміз. Айта кетер жайт, кейде болмашы нәрсе үшін отбасылық кикілжіңдер мен екі адамның жеке бас араздықтарын да соттар тыңдап отырады. Олардың кейбірі соттан соң қайта татуласып жатады немесе сот болып жатқанда келісімге келеді. Ал медиация жетілдірілсе мұндай мәселенің алдын алар едік.

 

Олжас Күреңбеков, Бостандық аудандық №2 сотының судьясы:

- Рас, жүйенің елімізде тиімді жұмыс істеп келе жатқанын статистикадан байқауға болады. Дегенмен, медиацияның әлі де болса тиімді жұмыс істеуі үшін кейбір жайттарды ескеруіміз керек. Мәселен елімізде арыз жазылған соң ол алдымен сотқа келіп түседі. Оған қаншама қағаз толтырылады. Соттар кейін тараптарға медицияға жүгінуге кеңес береді. Олар медиатор қызметіне жүгінген соң кейбір жағдайда іс шешімін тауып, тараптар арызын қайтып алып жатады. Сондықтан сотқа дейінгі заңды реттеу барысында істің алдымен медиаторлар қарауынан өтіп, содан соң ғана сотқа өтеуіне мүмкіндік тудырсақ іс әлдеқайда жеңілдер еді. Қыруар қағаз толтырмай-ақ медиатор көмегімен мәселе дер кезінде шешімін тауып жатса, сот жүктемесі де азаяр еді.

 

Жанділда Жақыпов, Халықаралық құқық қорғау орталығының директоры:

 - Медиациядағы мұндай мәселелер сөз болғанда шет елдің тәжірибесін айтпай кету мүмкін емес. Мәселен олардаалдымен даудың түрі анықталады. Арызданушы бірден сотқа жүгіне алмайды. Оған алдымен медиатор көмегіне жүгіну ұсынылады. Испанияда тараптар алдымен 45 минут медиатормен әңгімелеседі, дауды қалай тиімді шешу мәселесінталқылайды, кеңес алады. Егер арызданушы бәрібір сотқа жүгінуді қаласа, медиатордың қызметіне жүгінді деген арнайы анықтамадан соң ғана ары қарай ісінің сотқа жетуі үшін әрекет ете бастайды. Бізге де осындай механизм керек. Сотқа дейінгі медиация қызметін бізге де енгізер болсақ көп мәселенің алдын алар едік. Біздің негізгі мақсатымыз мәселені күрделендірмей, дауды шешу ғой. Демек, сотқа дейінгі медиатор қызметін дамытар болсақ бұл мақсатымызға біршама жақындар едік. Америкада көшеде арнайы медиатор қызметтері орналастырылған. Тараптар сөзге келіп қалса да, төбелесіп қалса да кез келген уақытта медиатор қызметіне жүгіне алады. Біз де еліміздегі медиация жүйесінің осындай тиімді жақтарын жетілдіруіміз керек екен. 

Еркенұр Ерзия

Толығырақ: http://alashainasy.kz/tuit/mediatsiyanyi-koldanudyin-tetktern-jetldrgen-jon-99979/